АРАҚТЫҢ СОҢЫ ЕКІ АДАМНЫҢ АЖАЛЫМЕН АЯҚТАЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 3 сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі жарияланды.
Оқиға былай болыпты. Сотталушы Б. төрт адаммен бірігіп, арақ ішеді. Көп ұзамай бір-біріне тілек айтып, тос көтеріп отырғандардың арасынан ала мысық жүгіріп өтіп, жанжалдасып қалады. Бөтелкелестерінің арасында ағайынды екі жігітпен сөзге келіп, жұдырық сілтесіп қалған Б. үйіне барып, қайтып келеді. Алдында ғана арақ ішкен үйге кіріп, жаға ұстасып қалғанның бірін жатқан жерінде басынан бірнеше мәрте теуіп, одан тіршілік белгісі байқалмағасын сыртқа шығады. Ағайындының еікншісіні даладан кезіктерген ол оны да ұрып құлатып, басынан тебе жөнеледі. Алған жарақаттан жәбірленуші оқиға орнында тіл тартпай кетеді. Осы сәтте ұйқыдан оянған О. мен Д. Екі адамның ажалымен аяқталған оқиғаны көре тұра ауыр санаттағы қылмысты хабарламаған.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Б. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 24-бабының 3-бөлігі арқылы 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіруге оқталу), 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (адам өлтіру) кінәлі деп танылып, түпкілікті 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді.
Сотталушылар О. және Д. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) кінәлі деп танылып, 3 жылға және 2 жылға бас бостандықтарынан айырылып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуге деп белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.