БАЛА ТАСЫМАЛЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫН АВТОКӨЛІККЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ
«Оқушылар үйі» ғимаратының мәжіліс залында Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті балалар тасымалымен айналысатын автокөліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне арналған жиын өткізіп, оған облыстық білім басқармасының бастығы Б. Сайлыбаев, қала әкімінің орынбасары Ш. Байманов және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша жыл басынан бері облыс көлемінде 194 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның 25,8 пайызы, яғни 50 дерегі балалардың қатысуымен болған. Аталған жол апаттары кезінде барлығы 44 бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Балалар тасымалымен айналысатын балабақша автокөліктері де 2 мәрте апатқа ұшыраған. Бірі Тасбөгет кентінде орын алса, екіншісі Желтоқсан-Толыбеков көшелерінің қиылысында болған.
Ішкі істер департаменті қызметкерлері балалар тасымалымен айналысатын көлік құралдарына қойылатын талапты күшейту керектігін айтады. Балабақша басшылығы жалға алған көлік құралынның мемлекеттік стандартқа сай болуын қадағалау керек. Ондай автокөліктің кемінде 2 есігі болуы тиіс және көліктің алдыңғы және артқы жағында «Балалар тасымалы» деген арнайы таңба орналасуы қажет. Бұдан бөлік көлік жүргізушісі ретінде жұмысқа алынатын азаматтардың жас шамасы мен жұмыс өтіліне, тәжірибесіне қойылатын талапты күшейту мәселесі көтерілді.
Шара барысында аталған тақырыпта бейнероликтер көрсетіліп, балабақша басшылығына арналып жадынама парақшалары берілді.