ҮШ КҮНДЕ 286 ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛЫП, 7 ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ
Осы жылдың 11-13 тамыз аралығында қала көлемінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталған «Құқық тәртібі» профилактикалық пысықтау шаралары өтті. Оған Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік, учаскелік, ювеналды полиция инспекторлары, жедел қимылдайтын арнайы жасақ және басқа қызмет салаларынан 72 қызметкер жұмылдырылды.
Шара барысында бұрын сотты болғандар мен алкоголь өнімдерін шамадан тыс қолданатындар, түннің екінші жартысында алкоголь өнімдерін көптеп сататын дүкендер, металл қабылдайтын орындар тексерілді. Тонау, бұзақылық қылмыстарының алдын алу мақсатында біршама шаралар жүргізілді.
Сонымен қатар, шара шеңберінде ішкі істер органдарында профилактикалық тіркеуде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру, құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, жол қозғалысы талаптарын бұзған көлік иелерін анықтау бағытында жұмыстар жүргізілді.
Қызылорда ІІД баспасөз қызметінің хабарлауын 3 күндік шарада 286 құқық бұзушылық анықталды. Оның 57-сі көші-қон саласындағы заң талаптарын сақтамағандар болса, 26-сы қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғандар. Шара аясында белгіленбеген орындарда сауда жасаған 18 оқиға тіркеліп, қоғамдық орындарға масаң күйде келген 43 тұрғын анықталды. Жол қозғалысы фактілерін бұзғандар саны 98-ге жетті.
Шара барысында Шанхай аумағында тұратын атыс қаруы бар 346 тұлға мекенжайы бойынша тексеріліп, атыс қаруының заң талаптарына сай сақталуы қадағаланды.
Сонымен қатар, аталған аумақтағы 171 үй араланып, қолайсыз отбасы санатында тұратын 15 отбасының жасөспірімдеріне қылмысқа жол бермеу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Есепті мерзімде 11 қылмыс тіркеліп, оның 7-і ашылды.