АРАЛДА ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУМЕН АЙНАЛЫСАТЫНДАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Арал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің дерегінше бүгінде ауданда 88 дене шынықтыру ұйымы есепке алынған. Оларда 20337 адам (барлық аудан халқының 26,28%) дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған дене тәрбиесі мен сауықтыру және бұқаралық спортты дамыту шаралары арнайы кесте аясында жүзеге асады.
Осы бағытта үстіміздегі жылдың 6 айында аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 93 спорттық іс-шара өткізілді. Бұлардың 41 спорттық іс-шарасы ауылдық жерлерде өткізілді және де осы спорттық іс-шараларға 6479 адам қатысты.
Жыл басынан аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық мешіттің бірлескен жоспары бекітілді. Соған сәйкес қоғамымызда дәстүрлі емес діни ағымдардың кері әсерін талқыға салатын семинарлар мен спорттық іс-шаралар өткізілуде.
Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап «Спартак» қоғамдық бірлестігі арқылы 29 спорт нұсқаушысы штат бірлігіне келісім-шарт негізінде 29 адам жұмыспен қамтылды. Оның 10-ы елді мекендерде, қалғандары Арал қаласы бойынша жұмыс атқаруда.
Жыл басынан бері ауданның спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының ресми (ҚР чемпионаттары мен біріншіліктері) жарыстарында аудан спортшылары 12 медальға ие болды. Оның 4-і күміс, 8-і қола.