ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАРЫСЫ ӨТТІ
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайы саябағында «Қызылорда – 2017» жас құтқарушылар жарысы аясында еліміздің әр түкпірінен келген командалар «Табиғатағы іздеу-құтқару жұмыстары» бойынша бақ сынасты. Жарыста Павлодар облысынан келген «Арлан» командасының әлеуметтік педагогы Әйгерім Жаскенова З.Ақышев атындағы №3 мектептің оқушыларынан құралған командаға жетекшілік жасады. Қызылорда қаласындағы «Абылайхан» атындағы колледждің жас құтқарушылар командасын Дәулет Аймағанбетов басқарды. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы «Қызылжар» орта мектебінде «Жалын» командасына Айдос Ахметов бағыт-бағдар берді.
Қызылорда облысы ТЖД хабарлауынша сайыс шартындағы арқанмен асудан өту, қолда бар заттан зембіл жасау, жарақаттанған адамға медициналық көмек көрсету тәсілдері балалардың жас құтқарушы ретінде машықтанғандықтарын көрсетті.
Одан соң жас құтқарушылар «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» ММ-нің базасындағы «Биік ғимараттарда зардап шегушіні құтқару» бойынша жарысқа түсті.
Жарыс шартына сәйкес жас құтқарушылар «Болашақ» университетінің мәжіліс залында «Өзін таныстыру» және «Қабырға газеті» сайысын өткізді.
Сайыс қорытындысында жалпы есеп бойынша Қызылорда облысының «Абылайхан» командасы 604 баллмен 1 орынды, Ақтөбе облысы «Жалын» командасы 566 баллмен ІІ орынды, Павлодар облысы «Арлан» командасы 560 баллмен ІІІ орынды иеленді.