АСТАНАДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ
Кеше Астанадағы «Қазанат» ипподромындағы этноауылда «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және облыстың тарихы мен мәдениетіне арналған көрмесі, Сыр өңірі өнерпаздарының мерекелік концерті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
«Қазанат» ипподромындағы этноауылда ұлттық спорт түрлерінен (ат үстіндегі өнер, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақы тұқымды тазылардың көрсетілімі) жарыстар ұсынылды. Қызылорда облысынан аударыспақ бойынша ҚР жеңімпаздары Әбдінасредин Файзулла, Серік Әмірсейіт, күміс жүлдегер Серік Ғабит, қола жүлдегер Мұратхан Қуандық, бірнеше дүркін жүлдегер Ерсұлтан Исабек, жамбы атудан ҚР алғашқы чемпионы, теңге ілуден ҚР бірнеше дүркін жүлдегері Жарқынбек Алмағанбетов, жамбы атудан ҚР күміс жүлдегері Бекқали Өзденбаевтар қатысып, аймақ намысы үшін сынға түсті. Ал түйе палуандар сайысында «Қазақстан барысы - 2017» атағын жеңіп алған Еламан Ерғалиев, ҚР чемпионы, самбодан Азия чемпионы Мақсат Исағабылов, ҚР чемпионы Нұрым Сәлімгереев, ҚР чемпионатының күміс жүлдегерлері Марат Баймаханов пен Жайдар Есеновтер бақ сынасты.
Сондай-ақ этноауылда Қызылорда облысы өнерпаздарының, оның ішінде жыршы-термешілер, дәстүрлі орындаушылар мен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің мерекелік концерті және «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және облыстың тарихы мен мәдениетіне арналған көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге зергерлік бұйымдар мен ағаш бұйымдар, Сыр сұлулары киген киім үлгісі, ХІХ ғасырдан бізге жеткен ағаштан ойылып жасалған кесеқап және т.б. жәдігерлер қойылды.