АҚТӨБДЕГІ КОНЦЕРТ: ТӨРЕҒАЛИ МЕН ЕРКЕНІҢ ФАНАТТАРЫ САХНАНЫ БАСЫП ҚАЛҒАН
Ерке Есмахан мен Төреғали Төрәлінің ақтөбелік фанаттары сахнаны басып алды, деп хабарлайды http://aktobenews.kz/.
Бірнеше әнді дуетпен орындап жүрген танымал жұлдыздар Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы саябақта құрылысшылар мерекесіне арнайы келген болатын. Тегін концерттің болатыны жөнінде бірнеше күн бұрын инстаграм желісінде хабар тараған еді. Соңғы кезде хит әндер орындап жүрген екі әншіні көруге келгендер аз болмады.
Құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен алдымен облыс басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтап, оларға алғыс хаттар табыстаған. Шараның салтанатты бөлігі өткен соң, сахнаға Төреғали шықты. Халық сахнаға жақын тұру үшін қоршауларды ұшырып әкете жаздады. Ал, Ерке Есмаханды хабарлаған кезде жұрт сахнаға лап қойған.
Екі жұлдыздың фанаттарын тәртіп сақшылары да тоқтата алмады. Кенет, тыңдармандар сахнаны да басып алды. Ерке мен Төреғали ән айтуды тоқтатпады.
Сахнаға ұмтылғандардың қатарында аяғы ауыл келіншектер мен таяққа сүйенген әжейлер де болды. Бірнеше бала жоғалып кетіп, аналары көз жастарына ерік берді.
Фанаттарды тоқтата алмай жүргендердің бірі қала басшысының орынбасары Жандос Байырханов Ерке Есмаханды соңғы әнін орындап бола бере көлікке отырғызып стадионға алып кетті. Ол жақта əнші футбол клубының 50 жылдығына арнап хит əнін фанаттармен бірге орындады.
Ерке мен Төреғали кеткен соң, концерт көруге келгендердің дені айналдырған жарты сағаттың ішінде тарап кетті. Дегенмен, жүргізушілер жоғалып кеткен балалардың сахнаның артында екенін хабарлап жатты.