АСТАНАДА СЫР ӨҢІРІНІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Бүгін Астанадағы «Қазақстан» спорт кешені аумағында Қызылорда облысының ауылшаруашылығы жәрмеңкесі басталды.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен танысты.
Жәрмеңкеде Астана тұрғындары мен қала қонақтарына Қызылорда облысының 30 шаруашылығы 40 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Оның ішінде, Сыр елінің мақтанышы, негізгі дақыл - күріш, Қызылорданың бүкіл Қазақстанға әйгілі қауын-қарбызы, Арал теңізінің дәмді балығы және басқа да өнімдер бар. Нақтырақ айтқанда, күріш – 60 тонна, жылқы еті – 3 тонна, тауық еті – 1 тонна, сүт өнімдері – 4 тонна, қымыз – 0,5 тонна, шұбат – 0,5 тонна, ара балы - 0,2 тонна, балық - 15 тонна, конфет – 2 тонна, көкөніс, қияр, қызанақ – 20 тонна, құлпынай, алма, алмұрт, өрік – 1 тонна, картоп – 35 тонна, сәбіз – 8 тонна, қырыққабат - 10 тонна, сөк, талқан – 0,5 тонна, ас тұзы – 5 тонна, қауын – 40 тонна, қарбыз – 50 тонна т.б. өнімдер бар.
- Биыл жәрмеңке үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Барлығы 270 тоннаға жуық өнім алып келдік. Әкелген өнімдердің ішінде, әрине Сырдың ақ күріші, бау-бақша, балық бар. Былтырдан бастап қауынды экспорттық өнім қатарына қосып жатырмыз. Сонымен бірге, сиыр, жылқы етінен 10 тонна ет өнімдерін де әкелдік. Жәрмеңкедегі өнімдер нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен сатылуда,- деді Қызылорда облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.
Сонымен қатар, дәл осы күні сырбойылық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Елорданың орталық паркінде «Сыр самалы» атты концерт өтті. Бұдан бөлек, 13 тамыз күні «Қазанат» ипподромындағы этноауылда эстрада әншілері, дәстүрлі орындаушылар, сондай-ақ «Томирис» би ансамблі өнер көрсетті.