ЖАСТАР САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАППАҚ
Қазалы ауданының прокуроры Бақытжан Мырзабаев түрлі салада жұмыс істейтін және жұмыссыз жүрген жастар мен студенттер, жас белсенділермен кездесті.
Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және осы буын өкілдерінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жоспарлы іс-шаралар айтылған шараға Әйтеке би кенті әкімі Әліби Әбиев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев, «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Қуаныш қатысты. Сонымен қатар жиында жастар арасында діни ақпараттық-насихаттық шараларды күшейту, өзге ағымдардың таралуына тосқауыл қою жайы да жан-жақты айтылды.
Аудан прокуроры Б.Мырзабаев қазіргі таңда жастар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған түрлі шаралардың ұйымдастырылып, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етті. «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ә.Нұрланұлы кафе-барлардың түн ортасы ауғанша жұмыс істейтіндігін, дүкендердің де беймезгіл уақыттарда ішімдік сататынын айтып, осындай келеңсіз істерге кедергі болуда бірлесіп, жұмыс жасасақ деген ұсынысын білдірді.
Жиын барысында кент әкімі Ә.Берікұлы алдағы уақытта жастар саясатына қатысты өзекті мәселелерді шешуде өз үлесін қосатындығын жеткізді. Жастар көкейлерінде жүрген ұсыныс пікірлерін айтып, сұрақтарына жауап та алды.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ