ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ИГІЛІККЕ АЙНАЛАР КЕЗ ЖАҚЫН
Арал ауданында индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жоба Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Солардың алғашқысы «Арал тұз» АҚ «Ас тұзының өндірісі» жобасының құны 1,3 млрд. теңге. Бүгінде толық іске қосылған жоба бойынша 201 адамды жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, картаға «Жаңа Арал» ЖШС-нің «Қаптама кірпіш өндіру» жобасы да енгізілген. Құны 131,5 млн. теңге болатын жобаны жүзеге асыру барысында 25 адам, іске қосылғанда 45 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жылына 4 млн кірпіш шығаратын өндірістің құрылысы осы жылдың сәуірінде басталды. Оған индустриалдық аймақтан 4 гектар жер телімі бөлінді.
«Жак Нур» ЖШС-нің «Ақеспе шашырамалы титан-циркондық кен орны базасында кен байыту комбинатының құрылысы» жобасын жүзеге асыру үшін инвесторлармен келіссөз жүргізілуде. Қосаман елді мекенінен кен байыту комбинаты құрылысы үшін жер телімін алу жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар осы жылы индустриялық аймаққа жалпы құны - 715,0 млн.теңге болатын «Арал құрылысы» ЖШС-нің «Асфальт-бетон зауытын ашу» жобасы және «Аквакультура Қазақстан ЛТД» ЖШС-нің «Балық қабылдау және өңдеу зауыты» жобаларын орналастыру үшін жобалар өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылды.