МЕДИАЦИЯ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Іс-шараға Сырдария аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы Жарас Жолдасов, аудандық прокуратураның аға прокуроры Нариман Танбаев, адвокат Қалдыгүл Жаппасбаева, аудандық ІІБ-нің өкілдері, ауданымыздың кәсіби емес медиаторлары, ауылдық ақсақалдар кеңестерінің төрағалары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстелді» Сырдария аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы Жарас Жолдасов ашып, медиация - қазақ даласында ғасырлар бойы елдің тыныштығы мен татулығын сақтай отырып, жазалау шарасына қарағанда - бітімгершілік рөлін атқарған билер институтының жалғасы екенін атап өтті.
Шара барысында Сырдария ауданы бойынша кәсіби емес медиаторлар Мұса Келдібаев, Кенжебек Мұстафаев «Бітімгершілік - бабалар дәстүрі», аудандық прокуратураның аға прокуроры Нариман Таңбаев «Медиация заңын қолдану ережелері», Сырдария АІІБ полиция аға лейтенанты Назерке Пірназарова «Медиация – мақсаты бітімгершілік» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Кәсіби емес медиатор Мұса Келдібаев өз баяндамасында ауылдық жерде медиация тәрбімен аяқталатын істердің басым бөлігі отбасылық даулар мен мал ұрлығы, ұсақ бұзақылықтарға байланысты жасалатын қылмыстарға тиесілі екендігін және тәжірибесінде кездескен істер бойынша мысалдарға тоқталды. Мұса Келдібаев өз сөзінде ауылдық округте екі көрші бір-бірінің ірі қара малдарын ұрлаған дауына ауданның кәсіпқой емес медиаторлары араласып, екі тарапты ымыраға шақырып, бітімге келтіріп, келген шығынды өндіріп, іс медиация тәртібімен аяқталғанын көрсетті. Аталған қылмыстық іс бойынша жәбірленушіге келген шығынның орны толмаған жағдайда заңмен жазалау шарасы көзделгенін түсіндіріп, екі тарапты татуластыру үшін біршама жұмыстар атқарғанын атап өтті.
Кездесуде ауылдық округ әкімдіктері жанындағы кәсіби емес медиаторлар өздерінің қызметін жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерін көтеріп, тәжірибелерімен бөлісті.
Б. ОРДАБЕКОВ.

