ҚАЗАЛЫДА КӘСІПКЕРЛЕР ОРТАЛЫҒЫНАН КЕҢЕС АЛАТЫНДАР КӨБЕЙДІ
–Қазалының өзге аудандардан ерекшелігі бар. Бұл ауданда кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 2 орталық жұмыс жасайды. Бірі шағын қала санаты бойынша енгізілген Қазалы қаласында, екіншісі ауданның орталығы Әйтеке би кентінде. Осы жылдың 7 айында жалпы Қазалы ауданы бойынша Палатаның аудандық филиалының кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы 830 кәсіпкерге 2320 кеңес берген. Осылайша, Қазалы ауданы тұрғындары облыс бойынша кеңес алушылардың ішінде көш бастап тұр, - дейді Салават Құлмахан.
Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін 100 қазалылық біліктілігін жетілдірсе, 110 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілді. Қызмет алушылардың басым бөлігі (98) бухгалтерлік қызметке жүгінген.
Биылғы жылдан бастап облыста жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 96 азамат бір айлық курстан өтіп, оның 16-сының жобасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы мен «Қызылорда» өңірлік орталығы арқылы қаржыландырылды.
Айта кету керек, биыл Қызылорда облысында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 937 азаматты оқыту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 494 тұрғын оқытылып, олардың 302-сі жобаларын қорғады. Олардың 114-інің бизнес-жоспары қаржыландырылуға оң шешімін алды.