БЕЙБІТШІЛІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Қызылордада Семей ядролық полигонының жабылуына орай «Невада – Семей» антиядролық қозғалыстың қоғамдық бірлестік жетекшілерінің кездесуі өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, «Невада – Семей» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысы бойынша ардагерлерінің төрағасы Сәбит Әбіш, облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Камалов және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жалпы «Невада – Семей» қозғалысының 20 жылдығына арналған бұл шараның ұйымдастырушысы – «Невада – Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы. Конференцияда қозғалыстың жиырма жылдық қызметінің қорытындылары жасалып, келешектегі мақсаттар мен міндеттемелері талқыланды. «Невада – Семей» төрағасы Әбіш Сәбит өз сөзінде бұрынғы КСРО кезінде ядролық қаруды болдырмау жөнінде бастама көтеру ерлікпен пара-пар екендігін ерекше атады.
– Бүгінде Қазақстан ядролық қарусыз мемлекетке айналған кезде, біздің басты азаматтық парыз – осы бейбіт аспанның қандай құрбандықпен келгендігін есте сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізу қажет, – деді облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер ҚБ төрағасы Ғ.Камалов.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ш.Әбдірахманов әлемді ядролық жағдайдың әлі де толғандырып отырғандығын, адамзаттың осы ретте үлкен жауапкершілікті сезініп, әлемді сақтаудың озық шараларын жүзеге асыруы қажет екендігін атап өтті.
– Семей полигонын жапқан Қазақстан Президенті бүкіл әлемге адамгершілік болмысын паш етіп, әлем тарихына серпіліс әкелді. Семей зардабы – әлемдік мәселе, ол үнемі халықаралық қауымдастықтың қолдауына зәру. Әр ұлттың өкілі болғанымызбен, біз – Жер-Ананың ұрпағымыз, – деді ол.