ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНА МЕКЕМЕЛЕРІН КОМПЬЮТЕРМЕН ҚАМТУҒА 100 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ
Оған аймақтың емдеу нысандарына 414 электронды құрылғы сатып алу жоспарланып отыр. Одан бөлек жергілікті денсаулық сақтау ұйымдары өз қаржысы есебінен 140 компьютер алып, іске қосып үлгерген.
Дара Тұрымбетова облыс орталығының 62 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін 6-шы емхана дәрігері. Ол аумақ бойынша көрсетілетін барлық медициналық қызметтерді үйлестірумен және сапалы орындалуын бақылаумен айналысады. Дананың айтуынша бұған дейін азаматтар дәрігер қабылдауына талон арқылы жазылып, оның аяғы ұзақ-сонар кезекке ұласатын. Ал қазір электронды тіркелген тұрғындар бекітілген уақытында келіп, еш кедергісіз мамандар қарауында болады.
– Қабылдауға әр адамға 15 минут берілген, яғни 5 сағат қабылдауда 15 ересек адамды, 5 адам балалар қабылдаймыз. Ал үйге дәрігер шақыратын болса, онда сол электронды кілт арқылы жазба қалдырады, үйге шақыртулар жасалады. Ол бағдарлама арқылы біздің емхананың тіркеу бөліміне түсіп отырады, - дейді Дара Тұрымбетова.
Емханаға жыл басынан бері 67 компьютер алынып берілсе, жыл соңына дейін тағы 80-данасы әкелінеді. Ағымдағы жылдың алты айында 52 мыңдай қызмет көрсетілсе, соның жартысына жуығы электронды түрде орындалған. Техникалық жарақтанған емхана енді кешенді ақпараттандыру жүйесіне көшіп жатыр.
– Біз бұрын барлық ауру тарихын қолмен жазатын болсақ, қазіргі таңда ақпараттың бәрін компьютерге жазып және ол жазуды менен басқа адамдар көріп отырады. Мысалы науқас ауруханадан шығып келген болса, маған қабылдауға келсе, ол қай ауруханада, қандай диагнозбен жатқанын сол бағдарлама бойынша қарап біле аламын,- дейді №6 емхана бас дәрігерінің орынбасары Ләззат Елубаева.
Сондай-ақ өңірде денсаулық сақтау ұйымдарын интернетпен қамту мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Алдымен шалғай ауылдардағы медициналық мекемелер жоғары жылдамдықтағы ғаламтор жүйесіне қосылып жатыр.
24.kz