ТЕМІРЖОЛШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Тәулік бойы жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы бір сәт те тынбайтын Сексеуіл кентінде теміржолшылардың кәсіби мерекесі өз деңгейінде аталып өтті, деп жазады Арал аудандық «Толқын» газеті.
Кенттегі мәдениет үйіне жиылғандар арасында темір жол саласының ардагерлері де болды. Мерекелік жиынды аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков ашты.
-Құрметті теміржолшылар қауымы, сала ардагерлері сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақ теміржолының даңқты бір ғасырлық тарихы мен дәстүрі-ел экономикасының сенімді әрі берік іргетасы» деп атап өткеніндей, еліміздің көлік жолының күретамыры-теміржол саласының еліміздің экономикасын дамытудағы маңызы ерекше. Бүгінде Үкімет тарапынан аталмыш саланы дамытуға және тиімді жұмыс істеу мәселесіне жіті назар аударылуда. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық құрылымында темір жол саласының алар орны ерекше. Сондықтан, еңбектеріңізге табыс, өздеріңізге мықты денсаулық тілеймін,-деп ізгі лебізін білдірді.
Одан соң, теміржолшыларды марапаттау рәсімі өтті. Сексеуіл пайдалану депосының аға локомотив қабылдаушысы С.Наурызбаев, жасақшы О.Боранғазиев пен қабылдаушы С.Көптілеуовтер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, Сексеуіл пайдалану депосының тепловоз машинисі М.Қожабергенов, «Қамқор» локомотив депосының инженері Ә.Өтегенов, №59 Сексеуіл жол дистанциясының жол жөндеушісі Т.Біржанов, Сексеуіл станциясының парк кезекшісі Б.Тоқмамбетов, Сексеуіл вагон депосының пойыз қараушысы Ш.Сарманов және Қазалы электрмен жабдықтау «Қос көл-Сексеуіл» аудандық электр желісінің электр механигі Қ.Есмамбетов, аудандық электр желісінің іштен жану дизелінің машинисі Д.Жанасовтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Шара соңында теміржолшылар аудан өнерпаздары мен Сексеуіл кентінің өнер¬лі жастарының әсем әндері мен жыр-тер мелерін тыңдап, мерекелік көңіл күйге бөленді.