ШЫНЫ ЗАУЫТЫ ЖЫЛ АЯҒЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Қызылорда облысында индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы құны 610 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар іске қосылғанда 6200 адамды жұмыспен қамтылады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев баяндады.
«Биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында өнімі экспортқа бағытталған 2 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олар: молибден үш тотығын өндіретін кәсіпорын және шыны зауыты. Қазір молибден зауытында технологиялық құралдардың бірінші желісінде сынама жұмыстары жүргізілуде. Өнімнің негізгі көлемін жапонияға экспорттау жоспарлануда. Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі шыны зауыты бойынша бірқатар қиындықтар болды. Дегенмен, 2017 жылғы 15 мамырда Мемлекет басшыларының Пекин қаласында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумындағы кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass» ЖШС шыны зауытының құрылысын үстіміздегі жылдың желтоқсанында аяқтау жөнінде меморандумға қол қойылды» - деді Р. Сұлтангереев.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні шыны зауыты құрылыс алаңына әлемнің жетекші елдері АҚШ, Италия, Финляндия мен ҚХР-нан құрал-жабдықтар 100 пайыз толық жеткізілген. Қазіргі таңда металл конструкцияларды құрастыру жұмыстары жүргізілуде.