АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ АРТТЫ
Сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28%-ға, ал балық экспорты 8 есеге өсті.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхамед Сыздықов баяндады.
Жаңа нарыққа көшу барысында күріш шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі экспорттық саласы болып саналады. Сыр салысының экспортта алар орны 44 %-ды құрайтын болады.
Үстіміздегі жылы ет экспортын қамтамасыз ету үшін халықаралық ветеринарлық талаптарға сай келетін ет комбинатын салу көзделуде. Оған қоса ет бағытындағы ірі қара мен қой экспорттау жоспарланған болатын. Соған сәйкес осы айда Иранға тірілей 800 бас қой жөнелтілуге дайын.
Өткен жылы бақша өнімдерін экспорттау жанданды. Нәтижесінде шетелге 1 мың тонна өнім жөнелтілді. Биыл бұл көрсеткішті 2 мың тоннаға жеткізу көзделуде.
Қазіргі таңда облыста 64 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1325 жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп отыр.