АРАЛДА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК АЛАҢДАРЫ КӨБЕЙДІ
Жыл басында Арал қаласы және кент, ауылдық округтерде 2017-2020 жылдары жасыл аймақтар құру бойынша жасалған іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған сәйкес, аудандағы әрбір елді мекендер бойынша, көгалдандырудың орналасу сызбалары, олардың көлемі нақтыланды.
Көктем айларында Арал қаласының кіре беріс жеріне 1,7 гектар, Аманөткел ауылдық округінің 6,5 гектар, Ақирек ауылдық округінің 9 гектар жеріне жасыл желек екпелері отырғызылды.
Ауданда тамшылатып суару бойынша табиғат әлемі экологиялық ағарту орталығы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Кока Кола» компаниясының қолдауымен, «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Ақирек ауылдық округінде орналасқан орман тұқымбағының 3 гектар жеріне түрлі ағаштарды отырғызу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 500 метр жерге тамшылатып суару қондырғысы, жел және күн көзінен электр қуатын алатын қондырғылар, насостар орнатылды.
«Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Әулие төбе» шаруа қожалығында егілген сексеуіл, ағаш көшеттері, аудан елді мекендеріндегі барлық мектеп, балабақшаларға басқа да мекемелерге үлестіріліп берілді.
Атап айтсақ, аудан бойынша 2017 жылы көгалдандыру жұмыстары кезінде 5000 дана сексеуіл, 7700 дана жергілікті жерге бейімделген түрлі ағаштар, «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы Арал теңізінің құрғаған табанына 1500 дана сексеуіл, барлығы 14200 дана көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, Израиль, Венгрия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің озық тәжірибесін зерттеп, тиісті жұмыстар жүргізуге бағытында шаралар қолға алынды.