АРАЛДА БАЛЫҚ ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Кіші Аралға қарасты Көкарал бөгетінде балық қырылып жатыр. Бұл Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті инспекторларының кезекті тексерісі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар» телеарнасы.
Әзірге балықтардың неден қырылғаны белгісіз. Қазір облыста арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Комиссия құрамында экология, төтенше жағдайлар мен ветеринариялық қызметтің мамандары бар.
- Оқиғаның себеп-салдарын дөп басып айтуға әлі ерте. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, балықтың қырылуына Қызылорда облысында күннің ысуы мен Көкарал бекетінде суды теңізге ағызып жіберу себеп болуы мүмкін. Дегенмен оқиға салдары әлі нақтыланатын болады, - дейді ҚР АШМ балық ресурстарын молайту басқармасының жетекшісі Нариман Жүнісов.