ЖАС СПОРТШЫЛАР ЖАТТЫҒУҒА КІРІСТІ
Ертең Қызылордада өрт-құтқару спортынан жасөспірімдер арасында VІІ жазғы чемпионат басталады. Еліміз аймақтарынан келген 200-ге жуық оқушы екі күн бойы чемпионат ережелеріне сай сайысқа түседі.
Бүгін еліміздің әр түкпірінен командалар Қызылорда қаласына келіп, спортшылар Абылай хан атындағы колледжі жатақханасына қоныстанды. Үш қабатты жатақхана ғимаратында барлық жағдайлар жасалынған.
Қызылорда облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі хабарлағандай чемпионатқа қатысушылар үшін бар жағдай жасалды. Кәсіби аспазшылар спортшылар үшін арнайы мәзір дайындайды.
Аптап ыстыққа қарамастан команда мүшелері орталық және «Локомотив» стадионында таңертеңнен бастап жаттығуға кірісті.