АСТАНАДА СЫР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТЕДІ
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясындағы Қызылорда облысының Астанадағы күндеріне орай ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
12-13 тамыз күні «Қазақстан» спорт кешені алаңында өтетін жәрмеңкеде Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан 15 көлікпен жеткен 40 түрлі өнім сатуға шығарылмақ.
Астана жұрты Сыр елінің басты өнімі күріш пен қауын-қарбыз, Аралдың балығын тиімді бағада сатып ала алады.
– Осы жәрмеңкеге 60 тонна күріш, 3 тонна жылқы еті, 4 тоннаға жуық сүт өнімдерін, 15 тонна балық пен түрлі бақша өнімдерін апарамыз. Сонымен қатар, астаналықтар Қызылорданың қымызы мен шұбатының да дәмін татады, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.
Биыл Астана қаласында осымен үшінші мәрте ұймдастырылып отырған жәрмеңкеде 60 млн. теңгенің ауылшаруашылық өнімдері сатылады деп жоспарлануда.