СОРА ЕККЕН ҮШЕУ УАҚЫТША ҰСТАУ АБАҚТЫСЫНА ЖАБЫЛДЫ
Республика аумағында жүргізіліп жатқан «Көкнар» жедел-профилактикалық шарасы барысында қызылордалық полицейлер Ұлттық ұлан мен есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің қызметкерлерімен бірігіп Кармақшы ауданы, Қуаңдария ауылдық округінен 8 шақырым қашықтықта есірткі заты өсіп тұрған алқапты анықтады.
Алқап басынан 2305 түп сора өсімдігін күтіп-баптаумен айналысқан 37 жастағы, 34 жастағы және 33 жастағы үш қала тұрғыны ұсталды.
Сонымен қатар, аталған аумақтан ыдыс-аяқтар, есірткі затын өсіруге және тұтынуға арналған құрал-саймандар шөп салынған 2 қап табылды. Тағайындалған сараптама оның жалпы салмағы 3 келі. 939 грамм болатын кептірілген марихуана екендігі белгілі болды.
Қазіргі таңда, аталған үш азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігі және 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Үш азамат та Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.