ТАНЫМДЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ САПАРЫН ТҮЙІНДЕДІ
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі тарихи-мәдени мұралармен танысу мақсатында Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысының аумағына танымдық саяхат ұйымдастырды.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметі хабарлауынша топтың құрамында облыстық Қазақстан халқы ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев, директордың орынбасары Рахима Ахметова, этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері, ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен сарапшылар клубының және жастар қанатының мүшелері болды.
«Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясының мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «Туған жер» бағдарламасы аясында елдің рухани құндылықтарын насихаттау мен оқып-үйрену негізінде қазақстандықтардың бірегейлігін, ұлттық бірлігін нығайту.
Барлығы 50 адамнан құралған экспедицияның мүшелері алғашқы қадамын Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бабаларымыздың көне қаласы Түркістаннан бастады. Ондағы көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші Арыстанбаб кесенесіне ат басын тіреді. Дүниежүзін шарлаған, түрлі діни ағымдарды зерттеген, исламды қабылдағаннан кейін қалған өмірін сопылық мағынадағы исламды уағыздауға арнаған Арыстанбаб кесенесін аралады.
Одан кейін экспедиция мүшелері Қазақстан аумағындағы ең ірі, әрі дамыған қалалардың бірі – Отырар қаласына аялдады. Отырар атырабы қазіргі Оңтүстік-Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 57 шақырым, Арыс өзені Сырдарияға құятын жерге жақын орналасқан. Қалашық тарихта ортағасырлық сауда орталығы Фараб ретінде әйгілі ежелгі қала Отырардың үйінділері болып табылады.
Экспедиция өз жұмысын сәулеттің көрнекті ескерткіші, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісіне айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жалғастырды. ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра тізіміне қосылған Қазақстандағы бірінші құрылыс. Оңтүстік-Қазақстан облысындағы Түркістан қаласында орналасқан. Кесене сопылықтың негізін қалаушы, ойшыл, ақын, уағызшы Қожа Ахмет Хазірет Сұлтан Яссауидің құрметіне тұрғызылған. Яссауи Арыстанбаб пен Юсуф Хамаданидан білім алады, сопылық негіздерін, араб және шағатай тілдерін, поэзия мен Шығыс әдебиетін оқыған. Өз ілімінде ол тақуашылық, төзімділік, мейірбандылық, әділдік пен адалдықты дәріптеді. Яссауи өлімінен 233 жыл өткеннен кейін Орта Азияның қуатты билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен жаңа кесене салынады.
Экспедиция мүшелерінің келесі бағыты Түркістан қаласында орналасқан тарихи-этнографиялық мұражай, қазақ халқының мұрасы мен рухани қазынасының қайнар көзі саналатын этноорталық болды. Онда олар Түркістанның рухани өмірі, тарихы, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер жинағымен танысты. Орталықтың музейлік экспозициясы 3800 шаршы метрді қамтиды. Ғимарат 3 қабаттан, 5 көрме залынан, конференция залынан, қолөнершілердің шеберханасы және тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелерден тұрады.
Тарихи-танымдық экспедициясы екі облыс түйіскен тұстағы Сауран қалашығында да болды. 13 ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болған.
«Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясының соңғы аялдамасы – Сыр өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің бірегейі - Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының орны қазіргі "Сунақата" елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған. Моңғол шапқыншылығы кезінде қала толығымен қирап, тек ХІV ғасырдан бастап қайта қалпына келтіріліп, Сығанақ қаласы Ақ Орда мемлекетінің астанасы болған.
Экспедиция барысында саяхаттаушы құрам ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізе отырып, алған әсерлерімен бөлісіп, кітапшаға өз ой-пікірлерін жазып, қалдырды.