СЕНІМДІ СЕРІК ЕТКЕН ЦЕХ
Қазалы ауданындағы белгілі ұжым Қазалы локомотив жөндеу зауыты 2017 жылдың бірінші жарты жылдығын 1 034 252 мың теңге табыспен қорытындылады, деп жазады «Қазалы» газеті.
Жабық алаңда қауіпсіздік үшін басыңа дулыға қалпақ, үстіңе арнайы киім кию міндеттелген. Жасалып жатқан жұмысты сырттай бақылағаныңмен, қосулы тұрған алып аппараттарды тоқтатуға, жанына жақындауға, мамандарға сұрақ қоюға, кідіртуге, әңгімелесуге мүмкіндік берілмейді. Темір жол көліктерінің негізгі құрамы саналатындықтан, тепловоздың тартымды электр қозғалтқыштарын күрделі, орташа, жай жөндеуден өткізетін орында қателікке бой алдыруға болмайды. Істен шыққан құрылғыларды қайта қалыптастыратын теңгеруші, зәкір иінді білігін жонатын С-10 ТМ токарлық қондырғыларды тізгіндеген Темірбек Есбосынов, Жалғасбек Өмірбаев, Өрлен Махамбетов, Сайлаубай Өксікбаев сынды жұмысшылар өз істеріне маманданған. Р1, Р2 көлемінде мойынтірек жөндеуші Жанұзақ Тілеулиевтің де тындырымды тірілігіне барлығы риза.
Күрделі жұмыс басынан қыз-келіншектерді де көзіміз шалды. Жақсыбике Жүгінісова, Салтанат Әбдірей, Рыскүл Қанатбаевалар тартымды электр қозғалтқыштарын ораумен айналысады.
Цех ішінде біраз жайға қанықтық. Әсіресе қызық көрінгені, біз тұрған орындағы төбенің қозғалып кетуі болды. Сырын білмей, алғаш абдырап қалған топқа жоғарыдағы жылжып жүрген 10 тоннаға дейінгі ауыртпалықты көтере алатын кран екендігін цех шебері Нұрлан Көнебаев айтты. Қызығы сол, кранда арнайы кабина орнатылмаған. Оны бір жұмысшы тетік арқылы жерден басқарады. Мұндай кранның бұл жерде екеуі бар. Сонымен бірге өндірістегі техникалық жаңалықтардың бірі – бағдарламалық-ақпараттық кешен-тер¬минал қондырғысы да орын тепкен. Жұмыс соңында әр жөндеуші күнделікті ауысымындағы атқарған жұмыс көлемі туралы ақпаратты «Сервис» электронды терминалына енгізеді. Бұл өз кезегінде қағазбастылықтан арылып, уақыт үнемдеуге айтарлықтай көмегін тигізеді. Бізді тәнті еткен тағы бір жай, қабырғаларға ілінген қанатты сөздер болды. Цехқа кірген әрбір жан оларды оқып қанаттанып қана қоймай, өз істерінің елдік мүддеге бағытталғанын ұғына түсетіндей.
Алдыңғы буын ағалар өнегесі мен өмірін өздеріне үлгі еткен Бақытжан Әкімов, Асылхан Өскінбаев, Дәурен Әшпеновтер тәуелсіз Қазақстанның берік іргесін қалауға өз үлестерін қосып жүрген жаңа буын, жас мамандар.
Бүгінде темір жол саласы еліміздегі ірі тасымалдаушы ғана емес, экономика саласындағы қазіргі заман талабына сай индустриялық-инновациялық көшбастаушылар қатарында. Осындай маңызы ерекше көлік түрлерінінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне бар күш-жігерлерін салып, атаулы күндерін абыроймен қарсы алған электр машиналарының қондырғыларын жөндеушілерге сәттілік тіледік.