«БАСТАУ БИЗНЕС»: ҚАЗАЛЫДА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?
Осы жылдан бастап еліміздің өзге өңірлеріндегідей Қазалы ауданында да «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы іске асырыла бастаған болатын.
Кәсіп ашқысы келетіндерге мүмкіндік мол. Жоба бойынша оқимын деушілерден алдымен өтінім қабылданады. «Бизнес Бастау» бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру принциптеріне үйретуге, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. «Бастау Бизнес» бойынша жұмыссыздар және кәсіпкерлер оқи алады. Отыз күндік оқу тегін. Курсты тәмамдағаны туралы сертификат алған жоба қатысушылары біржолғы шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Бұнда кәсіпкерлікті жүргізуге арналған идеялар және кәсіпкерлік қызметінің негіздері бойынша құрылымдалған білім ұсынылады. Оқыту процесінде міндетті түрде жеке кеңестер, қаржыландыруға арналған жобаны қорғау мақсатында көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары жөнінде тренингтер өткізіледі.
Қорытындысында «Бастау Бизнес» жобасында оқуды аяқтағаны және қатысқаны туралы екі түрлі сертификат беріледі. Ал осы сертификаттың келешек кәсіп ашамын деушіге көмегі көп. Болашақ кәсіпкер сала мамандарының қолдауымен керек деген қаржысына қол жеткізеді.
Қазалыда бүгінге дейін үш топ бойынша оқыту аяқталды. Қолдарына сертификат алғандардың басым көпшілігі өз бизнес жобаларын қорғап, несие алды. «Бастау Бизнес» бағдарламасы негізінде «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС жеті жобаны 59 800 000 теңгеге қаржыландырған. Олардың бір тобы мал шаруашылығын дамытуды қолға алса, енді бірі тігін цехын ашуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына 64 400 000 теңгені қажет ететін он сегіз жоба ұсынылып, жобаларды қорғау жұмыстары жүргізілуде.
Өзін-өзі жұмыспен қамтуға талаптанғандар жоқ емес әрине. Алайда мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мол мүмкіндікті пайдалануға ауыл халқы құлықсыз.
Жыл басынан бері ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 95 азамат бір айлық курстан оқып, біліктіліктерін жетілдірген. Бизнес-тренер Аманкелді Жарылқағановтың айтуынша, қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Білсем, үйренсем деген талаптары зор. Оқу курсын тек қана несиеге қол жеткізудің жолы санамайды. Мәселен, қазалылық Гүлзат Билсариева жобаға қатысып, оқып шыққан. Мемлекет көмегіне жүгінбей-ақ, өзі қаржы құйып, тігін цехын ашты.
Ал оқу курсын тәмамдаған 20 жастағы ақтанбатырлық Еркін Серікбаев ауылында қоғамдық монша салып жатыр. Ол құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау үшін 5 млн теңге несие алған. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
«Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген. Жұмыссыздықты жеңіп, өзін де өзгені де табыс табуға талпындырған жандардың еңбек етуге деген құлшынысы жоғары.
Бұл қуанарлық жағдай. Дегенмен кестеге көз салсақ, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге ниеттілер қатары көңіл көншітпейді. Кейбірі «жоқтан жақсының» күйін кешсе, Бозкөл, Қызылқұм, Тасарық, Шәкен ауылдық округтерінен бірде-бір тұрғын оқу курсына жазылмаған. Бағдарламаның бағытын түсіндіру келте болды деуге келмейді. Өйткені облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының үйлестірушісі Маржан Ким мен жұмыспен қамту орталығының маманы Талғат Жақсыбаев наурыз айының 18 мен 30 аралығында, аудан прокуроры Бақытжан Мырзабаев пен филиал директоры Ермек Аймаханов шілденің 11 мен 25 күндері арасында бірнеше ауылдық округке арнайы барып, ауыл халқымен осы мәселе төңірегінде жүздескен.
«Қазалы» газеті