ЖАНКЕНТ
Сыр бойында қазақтардың ежелгі төрт астанасы орын тепкен. Олар: Арал маңын мекендеген сақтардың астанасы – Шірік-рабат, ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы – Жанкент, Қыпшақ хандығының, сонымен қатар, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Қазақ хандығының астанасы болған – Сығанақ және 1925—1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы – Ақмешіт (Қызылорда) қалалары. Бүгінгі әңгімеміз ескі шаһарлардың бірі Жанкент жайлы болмақ.
Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент туралы тарихи зерттеулер аңыз күйінде ғана сақталып отыр. Жанкент қаласы туралы ең алғашқы жазба деректері ІХ–Х ғасырларда пайда болған. ХV ғасырда ол деректер жоғалады. Арада үш жүз жыл өткен соң, ХVІІІ ғасырда ғана Жанкенттің аты қайта жаңғырады. Жанкент қаласы туралы орыс саяхатшы-ғалымы Лерх өзінің 1867 жылы жасаған археологиялық экпедициясынан соң құнды мәліметтер жазып қалдырған. Аңыз бойынша, Жанкент қаласын билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура әулиенің қарғысына ұшырап, 1153 жылы қарамағындағы халқымен бірге опат болған деседі. Сақталған деректерге сүйенсек, 1219 жылы Жанкент қаласына моңғолдар шабуыл жасаған.
Жанкент – Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар. Осы жерден құрлық арқылы – Ташкент, Бұхара, Самархан, Хорезм қалаларына керуен жолдары түскен. Республикалық санаттағы археологиялық ескерткіштердің бірі Жанкент қорғаны – Сырдария өзенінің сол жағалауында, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде орын тепкен. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімізде күріш оруға көмекке барғанымызда көріп, аралағанымыз бар.
Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі Селжүк (түрік) мемлекетінің көсемі Селжүк 935 жылы өзінің дүние жүзіне әйгілі жорығын сол кездегі оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды. Белгілі түрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жанкентті мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейілхан (түркімен) 1043 жылдан кейін Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлік пен оның баласы Әлиді батыстағы түркімен тайпалары өлтіреді. Сөйтіп, Сырдың төменгі саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемі атанған әйгілі қобызшы Қорқыт та аңыз әңгімелер мен кейбір деректерге қарағанда Жанкентте өмір сүрген. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман бойы билеген кісінің бірі елге насихаттаушы, өзі жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбілғазының түркімен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласына жиналып, қайы халқынан инал Яуиді хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір еткені айтылады. Айта кетейік, Осман империясының негізін қалаған осы қайы тайпасы, яғни, қайы халқының ержүрек ұлы Сүлеймен шах, оның баһадүр баласы Ертұғырыл болатын. Бүгінгі Қазақстан телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Ертұғырыл» көркем фильмі де осы Жанкенттен бастау алады. Қалаға ХІХ ғасырдан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қираған қаланың орнын қазу үстінде ескі араб әріптерімен жазылған қыш құмыралар, ХҮ ғасырдың күміс және мыс теңгелері, адамның бас сүйектері табылған. 1219 жылдың күзінде Жанкентке моңғол әскері шабуыл жасап, халқын қырып, қаланы түгелдей өртеп жіберген. Отқа оранған қаланың үстімен қаһарлы Жошы ханның шауып өткені, халықтың арада көптеген жыл өткен соң есін жиғаны, сауда мен қолөнер кәсібі дамығаны, ХІҮ ғасырда бұрынғы қалпына келгені, жаңа Жанкенттің араб-мұсылман мәдениетінің орталығы саналғаны айтылады. Бүгінде ХҮ ғасырдан бергі қаладан көне тарихтың куәсіндей орны ғана жатыр.
Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі Селжүк (түрік) мемлекетінің көсемі Селжүк 935 жылы өзінің дүние жүзіне әйгілі жорығын сол кездегі оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды. Белгілі түрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жанкентті мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейілхан (түркімен) 1043 жылдан кейін Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлік пен оның баласы Әлиді батыстағы түркімен тайпалары өлтіреді. Сөйтіп, Сырдың төменгі саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемі атанған әйгілі қобызшы Қорқыт та аңыз әңгімелер мен кейбір деректерге қарағанда Жанкентте өмір сүрген. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман бойы билеген кісінің бірі елге насихаттаушы, өзі жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбілғазының түркімен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласына жиналып, қайы халқынан инал Яуиді хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір еткені айтылады. Айта кетейік, Осман империясының негізін қалаған осы қайы тайпасы, яғни, қайы халқының ержүрек ұлы Сүлеймен шах, оның баһадүр баласы Ертұғырыл болатын. Бүгінгі Қазақстан телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Ертұғырыл» көркем фильмі де осы Жанкенттен бастау алады. Қалаға ХІХ ғасырдан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қираған қаланың орнын қазу үстінде ескі араб әріптерімен жазылған қыш құмыралар, ХҮ ғасырдың күміс және мыс теңгелері, адамның бас сүйектері табылған. 1219 жылдың күзінде Жанкентке моңғол әскері шабуыл жасап, халқын қырып, қаланы түгелдей өртеп жіберген. Отқа оранған қаланың үстімен қаһарлы Жошы ханның шауып өткені, халықтың арада көптеген жыл өткен соң есін жиғаны, сауда мен қолөнер кәсібі дамығаны, ХІҮ ғасырда бұрынғы қалпына келгені, жаңа Жанкенттің араб-мұсылман мәдениетінің орталығы саналғаны айтылады.
Бүгінде ХҮ ғасырдан бергі қаладан көне тарихтың куәсіндей орны ғана жатыр.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ