БАҚША ЕККЕН ЖАЙҚАЛТЫП
«Қарбыз-қауын, жаздай сауын» қағидасын ескерген қазалылықтар биылғы жылы бау-бақша егуге білек сыбана кіріскен еді. Ағымдағы жылы Абай ауылының тұрғындары топтасып егу тәсілімен 20 гектар жерге қауын-қарбыз дәнін тастапты.
Егіс бригадирі Жүсіпәли Қалыбаевтың айтуынша, бақша өнімдерін егу үшін барынша жағдай жасалған. Су айдайтын жаңа насос пен жаңа трактор беріліп, бақшалықты қоршау жұмыстары жүргізілген. Оған қоса абайлықтар үй іргелік жерлерінен де бақша егуді көптен дағдыға айналдырған. Солардың бірі - Абуталип Бердіқұлов есімді тұрғын. Оның иелігіндегі жасыл желегі жайқалған бақта көптеген алма, алмұрт ағашына қоса, шиенің 11 түрі, басқа да көк өскіндер күтіп-бапталуда.
«Жанкент Ерасыл» кооперативі Өркендеудегі 23 отбасыны біріктіріп, 40 гектар жерге қауын-қарбыз егіпті.
Бозкөл ауылының тұрғыны Мінажат Қаниев болса, 80 сотық жерге қауын-қарбыз, асқабақ еккен екен. Жергілікті әкімдік жеткізіп берген бақша дақылдарының жаңа сорттарын еккен жетпіс жастың жотасына шыққан қария өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстардың үйлестірілгеніне қуанышты. Ауылда егілген бақшалықтың тең жарымынан астамы «Бозкөл» кооперативіне тиесілі екенін атап кеткен жөн.
Биылғы жылы ауданға 6 МТЗ тракторы, 6 тіркеме, соқалар мен дән сепкіш техникалары сатып алынып, елді мекендерге берілген еді. Нақты кезеңде ауыл халқы осынау техникалардың игілігін көруде. Соның бірі осы Алға ауылдық округіне берілген. Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруалары да жаңа техниканың игілігін көруде. Бейнеттің зейнетін татар сәт те алыс емес.