ҚАЖЕТТІ МАМАН ДАЯРЛАУҒА БАСА МӘН БЕРІЛЕДІ
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының басты міндеті еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау. Бұл бағытта Шиелі ауданында 120 азаматты оқыту жоспарланып, оған республикалық бюджеттен 40 473 мың теңге бөлінді.
Осы жылғы мамыр айының соңында қысқа мерзімді оқу курстарынан өтуге ниет білдіруші азаматтардың өтініштері қабылданып, құжаттары бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі аудандық комиссия отырысында қаралды. Комиссия мүшелерінің оң шешімін алған бағдарлама қатысушылары ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Қызылорда «Қызмет» колледжінде «автокөлік құрылғыларын жөндейтін электрик» мамандығы бойынша 12 азамат, «шаштараз шебері» мамандығы бойынша 12 азамат және «маникюр шебері» мамандығы бойынша 6 азамат қысқа мерзімді оқыту курстарына жолданып, оқытылуда.
Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелерін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету мақсатында 75 азаматты даярлау жоспарланып отыр. Топтарды жасақтау аудандық білім бөлімі арқылы жылына бір рет 1 шілдеден 30 тамызға дейін жүргізіледі.
Бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытының бірінші міндеті бойынша ағымдағы жылы 202 азаматты «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, 1,2-топта 79 адам оқу курсын аяқтап, 13 жоба комиссия мүшелерінің қолдауымен қаржы институттарына жолданды.
Сонымен қатар, осы екінші бағыт аясында жыл басынан бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлікпен айналысуға 316 азамат шағын несие алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелді.
Бағдарламаның үшінші бағытындағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу міндеті аясында үстіміздегі жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 15 132 мың теңге, аудандық бюджеттен 2 285 мың теңге, барлығы 17 417 мың теңге бөлініп, 24 ұйым, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 75 жұмыссыз азамат жолданды.