АРАЛДА ЖЕТІ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Арал ауданындағы білім беру саласында атқарылған жұмыстар аз емес. Ел іргесінің беріктігін сақтайтын жас жеткіншектерімізге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы соны тірліктер күн санап артпаса, кемімейтіні анық. Оған дәлел биыл Арал қаласында 300 орындық №14 мектептің құрылысы, 20 орындық балабақшасымен 50 орындық «Көктем», «Үкілісай», «Ерімбетжаға», «Аққұлақ», «Ескіұра», «Құланды» елді мекендеріндегі жаңа мектептерде жүргізілетін құрылыстары дәлел. Мұның барлығына бюджеттен 1877,9 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл ақшаға Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу де кіреді. Қазіргі таңда аталған обьектілерден 3 мектеп пайдалануға беріліп, қалған мектептердің құрылыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар, ауданда «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен толық қамтылған.
Айта кетейік, биыл, аудан бойынша жалпы орта білім беру ұйымдарынан 746 түлек оқу бітірді. Олардың 50,0 пайызы (375 бала) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл көрсеткіші 82,76 балды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен ауданымыз Қызылорда қаласы мен аудандардың бөлінісінде ІІІ орынға ие болып, 39 «Алтын белгі», 9 «Үздік аттестат» иегерлері анықталды.