ТЖД: СӘБИДІҢ ӘР ҚАДАМЫН ҚАДАҒАЛАУ КЕРЕК
Бүгінде балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау оқиғасы жиілей түсуде. Сондықтан да тұрғындардың арнайы мекемелерге тапсырыс беру кезінде москитті торды балалардың бойы жетпейтін жерге орнатып немесе басқа да сақтық шараларын қатаң қадағалағаны жөн.
Жаз басталысымен дәрігерлердің алдына аяқ-қолы сынған балалар жиі келеді. Үйді жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мертігіп жатады. Тіпті, медицинаның шамасы келмейтін сәттер де болады.
– Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғаларына жасалған зерттеу нәтижесі оқыс жағдайға ұшырағандар арасында бес жасқа дейінгі сәбилердің көптігін көрсетіп тұр. Сонымен қатар, осындай оқиға көбіне баланың үлкендер қарауынсыз қалған кезінде орын алатыны белгілі болып отыр, – дейді Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Т.Еркебаев.
Сондықтан сәбиіңіз сау болып өссін десеңіз, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.