БАЯННЫҢ БАСТАМАСЫ ӨЗГЕГЕ ҮЛГІ
Сырдария ауданы Жетікөл ауылының тұрғыны Баян Бұрқанова Кеңес үкіметі кезінен бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жемісті еңбек етуде. Ауыл тұрғындары үлгі-өнеге көрсетіп, игі жұмыстарды да атқаруда, деп жазады жергілікті «Тіршілік тынысы» газеті.
Ата кәсіпті ардақ тұтқан ерлі-зайыпты Нұрғали Асанов пен Баян Бұрқанова нарықтың алғашқы кезеңінде төрт түлік малдың арқасында онша таршылық көрген жоқ. 2005 жылы жеке дүкен ашты. Өткен жылдан бастап, кәсіпкер келіншек ауылда кәсіпті дөңгелетудің озық әдісі – ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құруды қолға алды. Ер азаматтардың өзі зор тәуекелмен баратын істі шынашақтай келіншек сәтті бастап, бүгінде нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Биыл 18 асыл тұқымды баспақ және 1 асыл тұқымды бұқа сатып алды. Келер жылы баспақтар қашар болып, алғашқы төл бермекші.
– Ауылшаруашылық өңдірістік кооперативін құрып, есепшотыма қаржы аударту үшін құжаттарды толық өткіздім. Жаңа істі бас¬тауыма ақжармалық кәсіпкер Қайрат Нұрсейітов, шіркейлілік Жанарбек Нұрымбетов көп көмегін тигізді. Оларға алғысым шексіз, — дейді Баян Бұрқанқызы.
Кәсіпкер келіншек биыл балаларымен бірге екі қабатты жаңа коттедж тұрғызыпты. Қазақтың ауыл шаруашылық институтының ветеринария бөліміне биыл оқуға түскен кенже ұлы Динархан екеуі ала жаздай 20 мыңнан астам кесек құйып, алдағы кезеңде есік алдынан құрылыс бастамақ.
– Балаларымның барлығын жастайынан еңбекке тәрбиеледік. Онан жаман болған жоқ. Динархан жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ең кем дегенде өз малын емдейді. Ауылда бүгінде ветеринар маман жоқ. Көрші Айдарлыдан келіп жатыр. Ауылда еңбек етем деген адамға кәсіп табылады, — дейді Баян Бұрқанқызы.
Қолына қандай істі алса да, оның түпкі нәтижесіне жетуге ұмтылатын бұл жұмыс менің қолымнан келмейді деп сырт айналмайтын Баянның алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім мол.