ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОТ ҰЖЫМЫ 15 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрылғанына 15 жыл толуына орай «Мамандандырылған экономикалық соттар: қалыптасу тарихы және дамуы» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов, облыстық сот төрағасы Қ.Нұрышев, облыс прокуроры Х.Дәуешов, облыстық мәслихаттың хатшысы Н.Байқадамов, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Ғылыми-практикалық конференция жұмысын аша келе, облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев осыдан 15 жыл бұрын республика судьяларының үшінші съезінде мамандандырылған соттардың құрылуы туралы мәселе көтерілгенін атап өтті. «2002 жылы еліміздің барлық аймағынан құрылған мамандандырылған экономикалық соттар - аудандық соттардың шектен тыс жүктемесін елеулі түрде азайтып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, оны азаматтар үшін әлдеқайда қол жетерлік етуге мүмкіндік берді», - деді Қамбар Нұрышев.
Қызылорда облысы әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов экономикалық сот ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
Ал экономикалық соттың төрағасы Айбек Дәуренбеков сот төрелігінің тиімділігін одан әрі көтеру, судьялардың белгілі бір салаға кәсіби тұрғыда мамандануы, халықаралық стандартқа сай сот жүйесі мен оның биік беделін қалыптастыру жолында жүйелі жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Экономикалық сотта әділетті шешім шығарып, аймақтың экономикалық дамуына оң әсерін тигізер істердің оңтайлы шешілуіне қажетті материалдық-техникалық жағдайдың бәрі де жасалған. Облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрамында бір төраға және жеті судья, қарауға түскен әрбір істің адал да тиімді шешілуіне, жүктелген міндет пен артылған сенім үдесінен шығу жолында аянбай қызмет етіп келеді.
Шара барысында облыстық соттың судьясы Жанат Оспанова, облыстық мәслихаттың хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, заң ғылымының кандидаты Ләззат Қаржаубаева, заңтану магистрі Әлия Мүйденова хабарлама жасады.
Баяндамашылар Қазақстан Республикасындағы сот жүйесін реформалаудың тарихи-саяси шарттары, экономикалық соттарды құрудың әлемдік тәжірибесі, мамандандырылған соттардың қалыптасуы мен дамуы, сот жүйесіндегі экономикалық соттардың ерекшелігі мен атқаратын рөлі туралы айтып өтті.
Іс-шарада қатысушылардың назарына экономикалық соттың қызметі туралы деректі фильм ұсынылды.
Айжан ЫСҚАҚОВА,
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі