ЖАҢАҚОРҒАНДА ТАС ӨНДІРІСІ ДАМУДА
Жаңақорған ауданында атом өнеркәсібінен бөлек полиметалл өндірісі қарқын ала бастады. Тас өндірісі де қалыпты дамуда. Жалпы, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 47401,6 млн. теңгеге жетті. Бұл – 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,4 пайызға өскенін білдіреді. Өнеркәсіптік өнімнің облыс көлеміндегі өңірдің үлес салмағы 13,2 пайыз болса, өңір бойынша Қызылорда қаласынан кейінгі орынға жайғастық. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік.
Ал, өңдеу өнеркәсібінің көлемі осы жылдың 6 айында 20039,6 млн. теңгені құрады. Осы көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 98,4 пайызды құрады. Инвестиция игілігін ауыл шаруашылығы саласы мен жеке кәсіпкерлер көре бастады. Ауданның әлеуетін артыруға бағытталған шара ағымдағы жылы жандана түсті. Себебі инвестицияның мол қаражатына кенеліп, ісін ұлғайтып отырған жерлестердің жұмысы да алға басты.
Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 6 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 7948759 млн. теңге.
Кентте де, ауыл аймақта да тұрғын үйлер саны артып, жаңа отаулардың іргесі қаланып, қабырға кеңеюде. Қай ауылға барсақ та, ірге тасын қалап, келешек ұрпағы үшін қамданып жатқан тұрғындарды көзіміз шалады. Әр отау көтерілген сайын, елдің азаматы ретінде көңіліміз көтеріліп қалады. Биыл алты айдың қортындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 2876,8 млн. теңге. Құрылыс қарқынын өткен жылмен салыстырғанда 4,1 есеге ұлғайғанын байқауға болады. Салынған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 21575 шаршы метрге жетіпті. Өсім көрсеткіші 111,2 пайызға тұрақтады.