ҚАЛАДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ЖИІ ӨТКІЗІЛЕДІ
Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша Қызылорда қаласында осы жылдың 1-ші шілдесіне экономикалық белсенді халық саны 121,1 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.
Биыл облыс орталығында 3842 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланса, жыл басынан бері соның 3208-і ашылды. Осы жылы жұмысқа орналасуы жоспарланған 4300 адамның 3217-сі тұрақты жұмыс тапты.
Жұмысқа тартудың тиімді шарасының бірі қалада ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Бұл арқылы жұмыссыздарға жұмыс берушілермен кездесуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы 11 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 270 жұмыс беруші 1183 бос жұмыс орнын ұсынды.
Жұмыссыздарды кәсіби мамандыққа оқыту және қайта даярлау еңбек нарығының сұранысына, сонымен қатар қаланың индустриалды инновациялық дамуына сәйкес жүргізіледі. Жарты жылда еңбек нарығына қажетті мамандықтың 16 түрі бойынша жұмыссыздардың тізімі іріктеліп, 355 адам кәсіптік оқуға жолданды.