ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ТӨРТ ТҮЛІК ТЕГІН ЕГІЛДІ
Қазір ауылшаруашылығында түлік саны көбейіп, олардың арасында індетті болдырмау шаралары да ширай түсуде. Мысалы, Сырдария ауданы бойынша биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға 67 924 мың теңге қаржы бөлініп, малға14 түрлі індетке қарсы тегін егу жұмыстары жүргізілуде.
Алты айға жоспарланған ветеринариялық-профилактикалық шаралар және диагностикалық зерттеулер толық орындалды. Сарып індетінің таралуына тосқауыл қою мақсатында ауырған ірі қара және уақ малдардың санитарлық союды ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы орган «Ысамаддин» шаруа қожалығымен, мал сою алаңдарымен, «Түркістан» СТК мал сою және қайта өңдеу кәсіпорнымен келісім жасасты.
Ауыл шаруашылығы жануарларын диагностикалық зерттеулер барысында сарып ауруы анықталған 13 бас сиыр «Ақ барыс» және "Ысамаддин" мал сою алаңдарында сойылды.
Сарыпқа шалдыққан мал құнын өтеуге 900 мың, тасымалдауға 397 мың теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық шаралар жүргізу мақсатында бюджеттен 5508 мың теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражатқа аудан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларына қарсы тегін егу жұмыстарын жүргізу жоспары бекітілді.