АДАМ ӨЛТІРГЕНІ ҮШІН СЕГІЗ ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша сот 28 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық істі қарап, айыптау үкімін жариялаған.
Осы жылдың 17 сәуірі күні түнгі 1.40 шамасында сотталушы мас күйінде өзінің басқаруындағы автокөлігімен дүкенге сыра алуға келеді. Мұның жанындағы танысы кіріп кеткен дүкен алдында тұрған бір жігіт себепсіз тиісіп, қол жұмсайды. Екеуінің арасында жанжал өрби келе әлгі жігіт сотталушыны баспен ұрып құлатып, тепкінің астына алады. Оның сәл саябырсыған сәтін пайдаланған сотталушы өзінің автокөлігінен асхана пышағын алып, өзін ұрған жігіттің кеудесінен бір мәрте соққы жасаған. Сол жақ өкпесі, жүрегі зақымданған ол оқиға орнында қайтыс болады.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.