ЖАҢА СТАНДАРТ ЖҰМЫСТЫ ЖҮЙЕЛЕЙ ТҮСЕДІ
Қазақстандық құрылысшыларға сәулеттік жобалау және салынатын нысан нобайын мақұлдау рәсімдері жеңілдетілді. Құрылыс бастау үшін рұқсат алудың 3 сатылы қағидаты енгізілді.
Осыған орай Қызылордада құрылыс қарқын ала түскені байқалады. Құжаттамалық оңтайландыру Ұлт Жоспарындағы 46-ыншы және 49-ыншы қадамдарда көрсетілген тапсырмаларға сай жүргізіліп келеді, деп хабарлайды 24.kz.
Жаңа қағидат осы салада жұмыс істейтіндер үшін жақсы жаңалық болып отыр. Инженер-құрылысшы Нұрлан Махамбедиевтің айтуынша қағазбастылықтан арылса жұмыс ширай түседі..
– Өзара «жүгірмелі құжат» деп атап кеткен рұқсатнама қағаздарын тәжірибемде он екі ай күткен кезеңдер де болды. Бір қағаздың соңында жүргеніңде сметалық жобаға енгізген бағаң шарықтап кетеді. Кабинеттен кабинетке шапқылап, құжатқа қол қойдырып жүріп, құрылыс салуға қолың бармай қалатын еді. Жаңа жүйе бойынша құрылыс қарқыны мен сапасын тежеген рәсімдерді оңтайландыруға қол жеткізілді, – дейді ол.
Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев құрылысты бастар алдында арнайы хабарлама берген кәсіпкердің тиісті құжаттары толық болған жағдайда бірден құрылыс-монтаж жұмыстарына алынған талоны электронды түрде берілетінін айтады. Осы арқылы құрылысты бастай беруге болады. Осы кезге дейін бірыңғай мемлекеттік сараптама болса, қазір арнайы лицензиясы бар жеке сараптамадан өту жеткілікті.
Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тұрсын Бәйменов те жаңа жаңа қағидат жұмысты жүйелей түсеріне сенімді.
– Қазір Сырдария өзені солтүстік жағалауы бойындағы құрылысқа жеке инвесторлар есебінде 18 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде және 320 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Жаңа қағидат бұл іске инвесторларды тартуға да сеп болады, – дейді ол.