ҚОС КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН
Жаңақорғанда балық бизнесі мен омарташылық кәсіп енді қолға алынып, өркен жаю жолына көшті. Бұл салаларға сұраныс та жоғары, бірақ ауданда әлі де кенде қалып келеді. Алайда, қос кәсіптің көзін тапқан Орынбек Асылбаевтың осы салада еңбек етіп жүргенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Берекелі істі көзбен көру үшін Орынбек Жүсіпбекұлының қожалығына жол тарттық.
Құқық қорғау саласының ардагері бал арасын өсіруді қолға алғанына да көп болмапты. Әйтсе де, бұл істің қыр-сырын меңгерген омарташы аудан жәрмеңкесіне шаруасынан шыққан бал өнімін шығарып келеді.
– Бал арасын өсіруді қолға алуды бұрыннан мақсат тұтқан едім. Көп іздендім, ой елегінен өткізіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін асыл кәсіпті қолға алдым. Қазіргі таңда әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бал арасының 25 пайызы қолдан жасалады екен. Қазақстанның кейбір өңірлерінде осы әдіс жақсы қолға алынған. Сондықтан мен де 2015 жылы 34 жәшік алып, тиімді жолмен еңбектеніп келемін. Қуантарлығы еңбек еш кетіп жатқан жоқ. Себеббі, бал арасының пайдасы өте жоғары. Әсіресе, денсаулыққа пайдасы көп, – деді шаруа төрағасы.
Шынында, бал барлық ауруға дауа. Тіпті ұяшықтары да халық емінде кеңінен пайдаланылады екен. Мұны дәрігерлер де мойындап отыр. Балдың құрамындағы пайдалы элементтер, химиялық заттар араның денесінде бар. Тіпті ара уы да көп дертке шипа көрінеді. Жалпы, бал араның үш түрі болады екен. Мұны Орынбек аға да тілге тиек етті.
– Еркек ара деген бар. Бұл нағыз бал өндіруші жәндік. Олар жұмысшы арадан сәл үлкен, құйрық жағы жұмыр болады. Аяғында гүл тозаңдарын жинайтын тозаң себеті, сондай-ақ балауыз шығаратын безі болады. Ең пайдалы, дәмді балды бөлетін де осы аралар. Көбіне қыр гүлдерін тозаңдандырып, сөл бөледі. Еркек ара бөлген балдың иісі аңқып тұрады. Жұпары керемет. Аралар топтасып өмір сүреді. Әрқайсысының өз міндеті бар. Барлық ара бал бермейтінін біле жүріңіз. Бал беретіндері бөлек, тұқым басатындары мен ұя тазартушылары, өзге араларды бағып-қағатындары болады. 52-54 күнде аналық тастағанша 21 күннен кейін олар да еңбектене бастайды. Үйін тазалайды, азық тасиды. Яғни, кейінгілерге қамқор болады.
Шынын айтсам, бір фляг бал арасы 70 мың теңге көлемінде нарықта бағаланады. Бұл басқа кәсіпке қарағанда анағұрлым көп өнім. Дегенмен, оның күтімі бар, – деген Орынбек Жүсіпбекұлы бұл кәсіп жөнінде үйренері көп екенін алға тартады:
– Оңтүстік Қазақстан облысында 25 жылдан бері тәжірибесі толысқан бір кәсіпкерден сабақ алдым десем де болады. 300 жәшігі бар кәсіпкер аналықты қолдан жасау әдісін жетік меңгерген. Сол кісінің түйгенінен аңғарғаным, бабын тапсаң бұл кәсіптің пайдасы көп. Біріншіден, денсаулыққа өте пайдалы. Екіншіден, шығыны аз екен. Дегенмен, күтімі көп. Шынымды айтсам, омарташылық ғылыммен айналысқанмен бірдей, – дейді кәсіпкер.
Енді шаруа иесінің балық кәсібіне ойыссақ. Өзгент ауылындағы көліне шабақ құтқару жұмыстарын жүргізіп, балық кәсібін дамытуды қолға алған Орынбек Асылбаев биыл қыруар шаруаның тетігін тауыпты.
– Маған негізгі міндеттелген 13 мың шабақ құтқару жоспарын толығымен орындап үлгердім. Биылдың өзінде 40 мың шабақ құтқарып, көлге жібердік. Жалпы, өз жоспарым 100 мыңға дейін жеткізу. Себебі, күзде күріш орылып, су тартылғаннан кейін мыңдаған тіршілік иесі қараусыз қалады. Сондықтан, күріш орағынан кейінгі жоспар осындай, – дейді кәсіпкер. Оның келешекте балық цехын ашу жоспары бар екен. Сондықтан, еңбек адамының ісіне береке тіледік.
«Жомарт кісінің қолы алтын» демекші, бүгінгі шаруа адамы жас буынға қол ұшын созып, оларға тәлімді тәрбие беріп те келеді. Біріншіден, өзі айналысатын кәсібін келешекте кейінгі буын жалғастырсын деген ниетте жүр. Әрі, өскелең ұрпақты патриот болып өссін деген ниетте әскери байқауларға жиі аттануына жәрдем береді екен. Киімдерін тігіп, рухани азық беріп жүрген оның ауылдастары биыл аудандық сында үздік шықты.
Жаңақорған тынысы