МЫРЗАБАЙ АХУН МАЗАРЫНАН КӨНЕ ҚҰРАН ТАБЫЛДЫ
Жалағаш ауданындағы Мырзабай ахун мазарынан 19-ғасырдағы көне Құран табылған. Бұл туралы https://baq.kz/ хабарлайды
Аласапыран заманда құнды кітаптарды осы жерге Мырзабай ахунның өзі көмген деген болжам жасалып отыр. Жел мен жаңбыр, күннің көзі тисе де рухани мұралар жақсы сақталған. Мұқабалары шіріп, парақтары жыртылған. Алайда, бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де жазулары ап-анық көрініп тұр.
«Баба қорымын қайта жөндеуден өткізейік деп, қазып жатқанда кітаптың мұқабалары мен парақтарын тауып алдым. Кітаптар тым тереңге көмілмеген. Екі жарым қапқа толды кітаптар. Алланың нығыметінде шек жоқ. Мұқабалары бүтін, сандық ішіне әкеліп салдым. Мұның не сыры барын, не жазылғанын ғалымдар анықтап берсе екен», – дейді ахунның шөбересі Ораз Салқашұлы.
Мырзабайахун шамамен 1833 жылы қазіргі Жалағаш ауданында туып, 1916 жылы дүниеден озған. Діндар ғұлама, әулие, емші. Ауылда мұсылманша сауат ашып, Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітірген. Біраз жылдар Бируни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерде ұстаздық еткен. Елге оралғаннан кейін мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген. Әмме жұртты аузына қаратқан ахунның әулиелігі жөнінде де аңызға айналған әңгімелер көп.
Мырзабай ахун мазарынан Құран табылды дегенді естіп, бір бөлігін тәбәрік қылып алуға арнайы келгендер бар екен.
«Кітаптары бір сандық болыпты. Ахунның аруағы желеп-жебеп жүрсін деп, ұрпағыма шапағаты тиер деп тәбәрік алдым. Біз енді мұны оқуды білмейміз, бірақ білетіндерге көрсетіп, оқытып, жазып қойсам деген ниеттемін», – дейді ауыл тұрғыны Ерім Телжанұлы.
Мырзабай ахунның шөбересі Ораз Салқашұлы бұл құндылықтарды музейдің қарауына өткізіп, еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосқысы келеді.