ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ САНЫ АРТУДА
Жаңақорған аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысының бірінде жайылымдық жер мәселесі көтерілген. 26 ауылдық окруктегі мал жайылымдық жерлердің картасы түзіліп, шопанның тұрағын анықтап берген еді.
Осыдан кейін малшы да, мал да бір уақыт байыз тапқандай. Қырқадан жылқы қайырып, сүттен май айырып отырған ауыл тұрғындары берекелі іске көшкен еді. Жайылым мен жайлауда төрт түлігін баптаған қазақ мал басын артыруды қолға ала бастады. Осы тұста, сандарды сөйлетер болсақ, мал басы өткен жылмен салыстырғанда біршама артқанын көреміз. Ірі қара мал 61 311 басқа жетіп, өткен жылдан 16,7 пайызға артыпты. Қой 240756 бас, яғни, 7,7 пайызға артса, жылқы 15835 басы жетті (23,3 пайызға артқан). Ал, түйе 1491 бас болып, өткен жылдан 3,5 пайызға артқан.
Бұл алғашқы жарты жылдықтың көрсеткіші. Алда да мал шаруашылығының табысы ұлғайып, ауданның даму динамикасына үлес қоса бермек.