ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ОРТАҚ ОЙ ҚОЗҒАЛДЫ
Облыстық коммуникациялар қызметінде еңбек саласындағы өзекті мәселелерге байланысты интернет-конференция өткізілді. Онда Еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева 2017 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар барысы жайлы баяндады, деп жазады «Сыр бойы» газеті.
Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы аталған алты айда мемлекеттік еңбек инспекциясымен әртүрлі меншіктегі 179 мекеме мен кәсіпорынды тексерді. Тексеру нәтижесімен 238 заң бұзушылық фактісі анықталып, жұмыс берушілерге анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 125 нұсқама берілді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі талаптарының бұзылуына жол берген жауапты лауазымды және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қабылдап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес І жартыжылдықта 3,9 млн тең мөлшерінде 35 айыппұл салды.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жалақы төлемі мәселесі ерекше бақылауға алынған. Облыс бойынша мекеме мен кәсіпорындарда жалақы төлемін кешіктіру фактілері анықталған жағдайда дереу әрекет ету шаралары жүргізіліп, жалақы қарызының қалыптасу жағдайының алдын алу шаралары қабылдануда.
– Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында жедел әрекет ету шараларымен 61 мекеменің 1783 жұмысшысына 223,2 млн теңге жалақы қарызы өндіріліп берілді. Облыс бойынша үш айдан астам жалақыдан қарызы бар мекемелер тіркелмеген. Қызылорда облысының мемлекеттік кірістер департаментімен банкроттық және оңалту рәсімі жүргізіліп жатқан 4 кәсіпорында 85 жұмысшыға 12,2 млн теңге жалақы қарызы қалыптасып отыр, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Өткен жылы облыстағы жұмыс берушілермен бірлесе отырып, әлеуметтік шиеленістің алдын алу, штат санын қысқартпау және жұмыс орнын сақтау мақсатында ынтымақтастық туралы 2975 кәсіпорынмен меморандум жасалып, олармен 54 мыңға жуық жұмыскер қамтылды.
Интернет-конференция барысында Тұмар Балтабайқызы мұнан өзге өндірістік жарақаттану жағдайлары, құқықтық оқу мен арыз-шағымдар, ұжымдық шарт жасауға байланысты атқарылған шараларға жан-жақты тоқталып, онлайн режимде ортақ ой қозғалды.