АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша асыл тұқымды мал сатып алу жұмыстары Арал ауданында жалғасын табуда.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 8 шаруа қожалығына 28,4 млн теңге несие беріліп, оған 166 бас аналық сиыр мен 9 бас бұқа сатып алынған. Ал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 3 шаруа қожалығы 2,6 млн теңге несиеге қол жеткізіп, 88 бас қой мен 5 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынды, делінген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарламасында.
Сонымен қатар, «Құлан» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалығы тиісті құжаттарын өткізген, несиелендіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Ауданда мал басын көбейтумен қатар, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі де қолға алынып отыр. Осы мақсатта 23 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы 5 ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын өндірісті іске қосу көзделіп отыр.