ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ
Аудандарда жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Бұл – халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалардың, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің жетілдірілуінің нәтижесі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары – Сырдариядан – Еркебұлан Жақып, Жалағаштан – Эльмира Құттымбетова, Шиеліден – Исабек Байкенжеев пен Жаңақорғаннан Жақыпбек Данияров осы мәселелерге кеңінен тоқталды, деп жазады облстық «Сыр бойы» газеті.
Мәселен, жыл басынан бері Сырдария ауданында ұйымдастырылған 5 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 108 азамат тұрақты қызметке орналасқан. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне халықты жұмыспен қамту орталығына 1239 адам жұмыс іздеуші ретінде хабарласып, 469 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Сонымен бірге аталған аудан бойынша ағымдағы жылдың алғашқы жартысында 6354 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде мемлекеттік орган арқылы – 300, баламалы түрде – 2657, мемлекеттік корпорация арқылы – 3338, электронды үкімет порталы арқылы – 59. Бөлім басшысы мерзім ішінде заң бұзушылықтар мен көрсетілген қызметтерге шағымның болмағанын және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құқықтық оқытулар мен семинарлардың өткізілгенін айтты.
Ал, Жалағаш ауданы бойынша 680 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне 416 жаңа жұмыс орны ашылған, оның 374-і тұрақты. Жыл басынан бері бөлімге 1024 адам хабарласқан, соның 255-і жұмысқа орналастырылған.
Шиелі ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы бойынша 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 2991 қызмет көрсетілген.
Ал Жаңақорған ауданы бойынша 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін 600-ге жуығы ашылған.
Мұнан бөлек брифингте солтүстік пен шығыстағы жұмыс күшіне тапшы аймақтарға оңтүстік облыстардан мамандар тарту науқаны жайлы да айтылды. Мәселен, биыл Шиелі ауданынан 2 отбасы теріскейге қоныс аударса, тағы 20 отбасы көшуге ниетті екен. Бұл бағыттағы жұмыстар Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында да жүзеге асырылуда.