«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНІҢ 36 КОМИССАРЫ «БАЙҚОҢЫР» ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНА БАРДЫ
Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз – ТМА» зымыран тасығышы ұшырылды. Әуе кемесінің бортында «РОСКОСМОС», «ИЕКА» (ЕУропа), «НАСА» (АҚШ) ғарышкерлері болды. «Союз» зымыранының ұшырылуына «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің әр елдегі комиссары қатысты.
- Бүгін «Байқоңыр» ғарыш айлағында 36 комиссар келді. Бұл сапар «Астана Экспо - 2017» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр және қатысушылар үшін осындай мүмкіндік берілген оларға қуанышты жағдай деп ойлаймын. Көптеген мемлекеттер Қазақстанды Байқоңыр арқылы таниды, бірақ осы жерде болу мүмкіндігі бар екендігінен бейхабар. Комиссарлар ғарышкерлер мұражайына, Юрий Гагариннің ұшу алдындағы болған үйіне барды. Барлығы зымыран ұшырылымын асыға күтуде. Зымыран ұшырылымының көрме кезінде жоспарланғаны біз үшін қолайлы мүмкіндік болды. Енді біз Қазақстанды ғарыштық ракурста көре алатын боламыз,- деді «ЭКСПО-2017» комиссары Рапиль Жошыбаев.
- «ЭКСПО-2017» көрмесінің басталуына байланысты «Байқоңыр» ғарыш айлағы әлем туристерінің қызығушылығын тудыруда. Өздеріңіз білесіздер, екі жыл бұрын қазақтсандық 7 туристік компания «Роскосмоста» аттестациядан өтті және олар Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда және өзге де қалаларда дербес жұмыс жасауда. Ресми мәлісмет бойынша, ғарыш айлағына 1000-нан астам адам келген. Бұдан бөлек, Қармақшы ауданында этноауыл ашылды, оған да келушілердің қатары көп,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнайы өкілі Серік Қожаниязов.
Айта кетейік, жұлдызды қалашықты аралау өтінішін қарау мерзімі 45 күннен 10 күнге қысқартылды. Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Мұстафаевтың айтуы бойынша, Байқоңыр қаласын аралаудың туристік пакетіне ғарыш айлағы мұражайы мен Юрий Гагарин тұрған үйді, сондай-ақ егер турист сапарымен сәйкес келсе, зымыран ұшырылымына куә болу кіреді.