ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ОМАРТАШЫЛАР МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН КӨМЕК АЛАДЫ

Субсидия асыл тұқымдандыру және селекциялық жұмыстармен айналысып отырған кәсіпкерлерге беріледі. Бұл ретте бал ара ұясын 270-ке жеткізген сырбойылық Сергей Вовк үшін мемлекеттік қолдау аясында өз кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ омарташы шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларға да 50 пайыздық мөлшерлемеге дейін инвестициялық субсидия алудан үмітті.
- Бал ара ұясын 500-ге жеткізуді көздеп отырмын. Жақында бал өнімдерін сататын дүкен ашқанмын. Оны да кеңейткім келеді. Жалпы мұндай мемлекеттік қолдаулар бал ара бизнесін жаңадан бастағандарға үлкен көмек болар еді, - дейді омарташы Сергей Вовк.
- Асыл тұқымдандыру және селекциялық жұмыстармен айналысуға мысалға 1 ұяға 10 мың теңге шығын кететін болса, олар 5 мыңға дейін субсидия алады. Мысалы, 100 бал ара ұясын ұстап отырған омарташы 500 мың теңге субсидия алады, - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков.