ЖҮЗДЕН АСТАМ ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒА ТӘРТІПТІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары» тақырыбында семинар өткізілді. Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Семинарда кеңсе меңгерушісі Қаракөз Сәрсенбаева хабарлама жасады. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет ісері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хатына сәйкес, жыл басынан 339 лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қаралып, 106 лауазымды тұлғаның және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 139 қызметшінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын атап өтті. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің орындауы тиіс негізгі әдептілік талаптарын, қызметтік әдеп нормаларын сақтамау сыбайлас жемқорлыққа, әр түрлі құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызатынын, сондай-ақ тәртіптік шара қолдануға алып келетіндігін айтты.
Семинар соңында сот төрағасының міндетін атқарушы Асхат Сабыров сот қызметкерлеріне әдеп нормасын үнемі сақтап, басшылыққа алуды тапсырды.