АРДАГЕРДІҢ АТЫ АҚСУАТТАҒЫ КӨШЕГЕ БЕРІЛДІ
Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі көшелердің бірі енді денсаулық сақтау саласының үздігі, еңбек ардагері, ғалым-дәрігер Өтеген Наурызбаевтың есімімен аталады.
Сыр өңірінің ардақты перзенттерінің бірінің атына көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына Ө.Наурызбаевтың бауырлары, ағайын-туыстары, ауыл тұрғындары және қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
- Бірлігі жарасқан, берекелі тіршіліктің мекені Ақсуат ауылдық округіндегі күн санап көркейіп, жаңаша өркендеп келе жатқан көшелердің бірін еліне ерен еңбегімен танылған, Сыр өңірінің ардақты перзенттерінің бірі Наурызбаев Өтепберген Әбілқайырұлының атымен атағалы тұрмыз.
Медицина ғылымының кандидаты Өтепберген Әбілқайырұлы жоғарғы санаттағы хирург ретінде аймағымызда денсаулық сақтау саласының дамуына мол үлес қосып, жемісті еңбек етті.
Қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті және асқан жауапкершілікті талап ететін салада бойындағы бар күш - жігері мен уақытын аямай, қадірі мен қасиеті мол, адам жанының арашасы саналатын – денсаулық сақтау саласының майталман маманы ретінде тұтас елге танылды.
Бар өмірін халықтың игілігі жолында сарп еткен ел ағаларының ерен еңбегін ұлықтау, бүгінгі ұрпаққа аманат.
Осы мақсатта, Өтепберген Әбілқайырұлының елі үшін жасаған еңбегі мен жарқын бейнесін, ардақты тұлғаның есімін жерлестерінің жадында мәңгі сақтау мақсатында атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылуда, - деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Шара барысында Ө.Наурызбаевтың жақындары, замандас достары, әріптестері өмір жолы мен еңбегі туралы сөз етті.
Комментарии 1