ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы жылу желілеріне жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Қала басшысы Толыбеков көшесінен Әуезов көшесіндегі жылу камерасына дейінгі магистралды жылу желісінің ағымдағы жөндеу жұмыстарының басында болып, тиісті мекеме басшылары мен мердігер мекемелерге және осы салаға жауапты орынбасарларына барлық жұмысты мерзімінде аяқтауды және жылу беру маусымында ешқандай кемшіліктерге жол бермеуді қатаң тапсырды.
Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, көлемі 530 дм. құрайтын ұзындығы 120 метрлік құбырды жаңарту жұмыстарына «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында өз қаржысы есебінен 2 млн. 500 мың теңге қаралған.
Жалпы биыл жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн. 100 мың теңге қаралған.
Оның ішінде «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК инвестициялық бағдарламасы аясында бөлінген 139 млн. 500 мың теңгенің, 57 млн. теңгесі ұзындығы 10 шақырым болатын магистралды жылу құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалады
Сонымен қатар, Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы 764 млн. 600 мың теңге қаралып отыр.
–Осы бастан пәтер иелері кооперативтері алдағы уақытта туындауы мүмкін мәселелер бойынша кондоминиум нысандарының иелерімен бірлесіп өжіредегі инженерлік жүйелерді ауыстыруға қажетті қаражатты есептеп, тұрғындарға кеңінен түсіндірсін. Жылуға қарызы бар заңды тұлғалардың қарызын сот арқылы түгел өндіріп және тұрғындарға да қарыздарын төлету туралы тиісті шаралар қабылдау қажет,- деді қала әкімі.
Соңғы 5 жылда 8 млрд. теңгеден астам қаржыға қаладағы жылу желілерінің 60 пайызы жаңартылды.
Өткен жылы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген 997 млн. 178 мың теңгеге ұзындығы 13 шақырымды құрайтын жылу желілері қайта жаңғыртылды.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында өз қаржысы есебінен 284 млн. 411 мың теңгеге станцияның жоғарғы қысымды құбырлары жөнделді.