ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА ТАРИХЫНА АРНАЛҒАН КІТАП ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
Қызылорда облыстық прокуратурасында «Өмірдің әміршісі – әділ билік» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Туындыда еліміз бен Қызылорда облысы прокуратурасының тарихы, осы салада қызмет еткен тұлғалар мен құнды естеліктер топтастырылған, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Кітаптың салтанатты тұсаукесеріне қала, аудан, табиғат қорғау прокурорлары, сала ардагерлері, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының басшылық құрамы қатысты.
Сегіз тараудан тұратын тарихи-танымдық жинақ Қазақ КСР-нің тұңғыш прокуроры С.Есқараев атындағы мұражай қызметінен басталып, «Сыр прокурорлары», «Сыр генералдары», «Майдангерлер мәңгі есте», «Әділет жолындағы әріптестер» сынды тараулармен толтырылған.
«Кітапта көптеген тарихи мәліметтер жинақталған. Сонымен бірге оқырман туынды арқылы қазіргі жаңа форматтағы прокуратура органдарының тынысымен де таныса алады»,- деп атап өтті облыс прокуроры Х.Дәуешов.
Ардагерлер Қосжан Жаниұлы мен Фатима Қиязова сала қызметкерлерін бұрынғы мен бүгінгіні қатар бейнелеген кітаптың жарыққа шығуымен құттықтап, осы іске мұрындық болған облыстық прокуратураның басшылығына өз ризашылықтарын білдірді.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі