РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨРМЕГЕ ҚЫЗЫЛОРДАДАН 12 КОМПАНИЯ ҚАТЫСУДА
Бүгін Астана қаласындағы «Көрме» орталығында «Ұлы дала елі» III отандық өнім өндірушілер форумы басталды.
Форум аясында 28-30 шілде күндері қазақстандық өнім өндірушілердің III «Қазақстанда жасалған» республикалық көрмесі және «Қазақстанның Үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі де өтеді.
«Қазақстанда жасалған» көрмесіне Кызылорда облысынан «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау алған 12 шағын және орта бизнес кәсіпорындары қатысады.
Форумда Шиелі ауданынан келген кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова өз тарапынан кең ауқымды іс-шараның маңыздылығын атап өтті. .
- Мен бизнесімді көп кәсіпкерлер секілді саудадан бастадым, бүгінде мемлекеттік қолдау арқылы бизнесімді әртараптандырып, өндіріспен айналысуды қолға алдым. Қазіргі таңда менің компаниям қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану мен балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелер ұйымдастыру және кондитерлік өнімдер шығару секілді бірнеше саланы табысты жүзеге асырып келеді. «Даму» Қорының көмегімен пластикалық заттар шығаратын цех ашуға жұмсалатын несие алу үшін өтініш бердік. Өз өнімдерім мен қызметімді бүкіл республикадан келген өкілдерге таныстыруға мүмкіндік берген көрмені ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін, - дейді Айткүл Әбдіқадырова.
Жаңақорған ауданынан жас кәсіпкер Ләззат Төлегенова астаналық тұрғындарға кондитерлік және нан өнімдерін ұсынды. Оның 3 жыл бұрын ашылған «Несіпкүл» атты кондитерлік цехы бүгінде аудандағы үздік кәсіпорындар қатарында. Ләззат Төлегенованың цехындағы барлық тағамдар тек табиғи қоспалар мен өнімдерді пайдалана отырып, қолмен жасалады. Сондай-ақ көрмеде тамақ өнеркәсібінен аймақтан ЖК «Ұста Сәмі» және ЖК «Шашауова Мейрамкүл» компанияларпы да өз өнімдерін ұсынды.
Көрмеге келушілерге Шиелі ауданынан барған Гүлмира Шакированың тігін цехынан шыққан сапалы текстиль өнімдерін бағалау мүмкіндігі туды. Қазіргі таңда оның тауарлары Қызылорда қаласында да сатылып жатыр.
Қармақшы ауданынан келген «Мир-2001» компаниясы көрмеге келушілерді жоғары сапалы құрылыс материалдарымен таныстырды. «Даму» Қорымен бірлесе әріптестік жұмыс жасаудың арқасында компания шығаратын өнім көлемі 15% өсіп, қызметкерлердің орташа жылдық саны 20%, ал бюджетке төлегентін салық көлемі 10% артты.
Көрмеге қатысқан Қызылорда облысының компаниялары қатарында «Қызылорда-Қанағаты» ЖШС, «Zere Group Construction» ЖШС, ЖК «Beauty corp.kz» және ЖК «Art-Design» болды.